Семейде қаржы пирамидасын құрып, адамдарды алдаумен айналысқандар сотталды
Олар өздерін инвестициялық орталық ретінде жұртқа таныстырып, олардың ақшасын жымқырумен айналысқан.
Екі азамат бірігіп, ақылдаса отырып мұндай айланы өздері құрастырған. Олар арнайы кеңсе жалдап жұртқа ірі компанияларға инвестиция салудың тиімді жолдарын түсіндіруші ретінде өздерін таныстырады. Алданған жұрттың да дәмесі оңай баюда. Олар тез арада депозитке ақша салғандай тек күтіп жатып, қалталарын қампайта түсуді ойлаған. Бірақ ойлағандары жүзеге аспай, бастапқы жоспар сөз жүзінде ғана қалған сәтте шу шығара бастаған.
Алданғандар бірін-бірі іздеп тауып, алаяқтардың үстінен біріге сотқа шағым түсірген. Олар сотта қалай алданғандарын, не үшін сенгендерін айтып беріп, жауапкерлердің қылмысын дәлелдеп берді.
Семейдегі қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қанша ақша алғаны да сотта анықталдыСемей қаласының №2 соты екі тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарап, қаржы пирамидасын құру, басқару және жарнамалау бойынша айып тағылып, үкім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Сот анықтағандай, 2023 жылдың қыркүйек-қазан айларында айыпталушылар Семей қаласындағы "Eolus" компаниясының кеңсесінде кездесулер, дәрістер, оқыту семинарларын өткізіп, жаңа қатысушыларды қаржы пирамидасына тартқан.
"Бұл іс-шаралар жаңа салымшыларды тіркеумен, олардың қаржысын жеке шоттарға енгізумен, сондай-ақ жаңа қатысушыларды тарту үшін мессенджерлер арқылы бейнежазбалар мен фотоматериалдар таратумен қатар жүрді", – делінген соттық анықтамасында.
Ұйымдастырушылардың бірі жаңа қатысушыларды тарту мақсатында жарнамалық науқандармен де айналысқан.
Адамдарды тақырға отырғызуды көздегендер жоспарларын пысықтап, әркім өзіне жауапкершілікті алған. Олардың бірі инвестицияны қалай салуға кеңес берсе, екіншісі жаңа қатысушыларды іздеумен айналысқан. Тіпті кей тұрғындарға өзін сол компанияға ақша салып, байып кеткен тұрғын ретінде де көрсеткен.
"Олардың әрекетінің нәтижесінде 26 жеке тұлға қаржы пирамидасына ақша салды. Жалпы залал көлемі 10 млн теңгеден асты", – деді сотта.
Жәбірленушілер айыпталушылардың кінәсін дәлелдеді, бірақ өздері кінәсін тек ішінара мойындады.
Алдын ала тергеу барысында айыпталушылар жәбірленушілерге келген шығынның басым бөлігін өтеді – 10 млн теңгенің 8 миллионы қайтарылған.
"Семей қаласының №2 сотының үкімімен У. кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар 2 жыл бойы инвестиция тартумен айналысу құқығынан айырылды", – делінген сот үкімінде.
Оның сыбайласы да кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ 2 жыл бойы осындай қызметпен айналысуына тыйым салынды және жылына 100 сағатқа дейінгі мәжбүрлі еңбекке тартылды.