Қоғам

Атырауда әйелді үйінде зорлап, өлтіріп кеткен қаскөй сантехникке сот үкім шығарды

NCOC менеджері Шпанованың аяғы ауыр еді. Сантехник оған да қарамастан әйелді ұрып, зорлап, тонап кеткен еді.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты 46 жастағы Бибігүл Шпанованың өліміне қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.

Ол NCOC мұнай компаниясында менеджер болып жұмыс істеген еді. Тергеу деректеріне сәйкес, 38 жастағы Арман Жетпісов – бұрын сотталған, тұрақты жұмысы жоқ қала тұрғыны.

Ол өзін жөндеуші шебер ретінде көрсетіп, Шпанова тұрған «Француз кварталы» тұрғын үй кешенінде ұсақ жұмыстар істеген. Әйел одан орындалмаған жұмыс үшін ақшасын қайтаруды талап еткен. Осыдан кейін Жетпісов оның үйіне барып, бірнеше рет пышақ жарақатын салып, зорлық-зомбылық көрсеткен. Сондай-ақ ол марқұмның заттарын, телефон, кілт және көлігін алып кеткен. Кейін Маңғыстау облысында жол апатына түсіп, қолға түсті. Оның жанынан Шпановаға тиесілі заттар табылды.

Айыпталушыға «алаяқтық», «зорлау», «ұрлық», «көлікті айдап әкету» және «аса қатыгездікпен әйел адамды өлтіру» баптары бойынша айып тағылды. Сот процесі жабық режимде өтті. Үкімді судья Зарема Хамидуллина оқыды. «Сотталушы «егер оның жүкті екенін білгенде, өлтірмес едім» деді. Бірақ адам өмірін қиюға ешкімнің құқы жоқ. Бұл – екі бірдей адамның өлімі. Әйелді ғана емес, іштегі баласын да өлтірді», – деді судья.

Сот барысында Жетпісов туыстарынан кешірім сұрағанымен, шынайы өкініш білдірмегені атап өтілді. Оның кінәсі бейнебақылау камерасындағы жазбалармен де дәлелденді. Арман Жетпісов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ерекше тәртіптегі колонияда өтейді.

Үкім жарияланған сәтте марқұмның туыстары көз жасына ерік беріп, сот залында қол шапалақтады. Олар әділдік орнағанын айтып, көз жастарын жасыра алмады.