Басты жаңалықтар

Елімізде енді жол ережесін бұзғандарды жасанды интеллект арқылы анықтайтын болады

Жасанды интеллект арқылы көлік қозғалысын қадағалайды.

Полиция қызметкерлері жыл сайын 13 млн жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін болдырмайды. Жолдардағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллекті қолдану жоспарланып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысында жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ведомство мәліметінше, биыл ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін жол қозғалысы ережесін бұзу деректері 20 пайызға, қарсы жолаққа шығып кету фактілері 16 пайызға көбейгені анықталып, 16,6 мың мас жүргізуші ұсталған.

"Жолдардағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін дрондардың көмегімен жол қозғалысын бақылау енгізілді. Олар ереже бұзудың 3,6 мың дерегін анықтаған, оның ішінде қарсы жолаққа шығудың 1 мың, қауіп тудырып басып озудың 300 фактісі бар.

Сондай-ақ республикада автоматты камералар желісі кеңейтілуде, олардың саны 25 мыңға жетті. Патрульдік автокөліктерге радарлар орнатылып, "жасырын" патрульдеу әдісі қолданылып жатыр. Сонымен қатар Көлік министрлігімен бірлесіп республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдықтың сақталуына автоматты бақылау енгізу жөнінде іс-шаралар жүзеге асырылуда", - делінген ведомство хабарламасында.

Қасақана құқық бұзатындармен күресу үшін барлық цифрлық шешім мен камералар "ТОР" платформасына біріктірілген, олар кешенді түрде мынадай жұмыстарды атқарады:

  • көлік қозғалысын қадағалайды;
  • іздеуде жүрген автокөлікті анықтайды (маркасы, моделі және түсі бойынша);
  • ережені өрескел бұзып айдайтын "қауіпті жүргізушілерді" іздейді;
  • 8 сағаттан астам тоқтамай көлік айдап, "шаршаған жүргізушілерді" қадағалайды.

Вице-министр президенттің жол қауіпсіздігін күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында ІІМ жұмыстарын жалғастыра беретіні атап өтті. Олар:

  • автомектептер жұмысына қатысты, электросамокаттар мен көліктерді пайдалану бойынша заңнаманы жетілдіру;
  • қауіпті жүргізушілер мен апат ошақтарын анықтау үшін жасанды интеллектіні енгізу;
  • автоматты камералар желісін және олар анықтайтын жол қозғалысы ережелерін бұзу түрлерінің аясын кеңейту;
  • жасырын патрульдеу мен дрондарды қолдану;
  • жолдардың жай-күйін қадағалауды күшейту, соның ішінде бұл жұмыстарға дрондарды тарту;
  • апатты жағдайлардың алдын алуға және білім беру мен ақпараттық науқандарды жүзеге асыруға қоғамды тарту;
  • ертерек алдын алу мақсатында ЖКО-ларды талдауды жетілдіру.