Алматыда нөсер жаңбыр жауды: қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:23
- 1

Алматыда толассыз жаңбыр жауып, көшелерді су басты. Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда 16 қыркүйекте сағат 16:00-ден бастап нөсер жаңбыр жауған.
"Қазгидромет" РМК деректері бойынша қалада бірнеше сағат ішінде 12 мм, ал тау бөктеріндегі жерлерде 15 мм жаңбыр жауған. Бұл жаңбырдың бір айлық мөлшерінің – 53 пайызы (қыркүйек айындағы норма – 28 мм).
Жаңбырдың салдарын жою үшін 96 арнайы техника, 40 мотопомп, 19 ассенизатор машинасы (оның 9-ы алдын ала су басуы мүмкін жерлерге жеткізілді), 416 жол жұмысшысы, 2400 қап құм, мотопомпалармен және қажетті құрылғылармен жабдықталған 71 жедел мобильді бригада іске кіріскен.
ТЖД, РЖҚО, Алматы құтқару қызметінің күштері, мердігер ұйымдар тартылған. Мердігерлерді қоспағанда барлығы 23 қызметкер, 7 техника, тіркеме және тасымалданатын мотопомпалар жұмылдырылған.
Әкімдік қазіргі уақытта жаңбырдың салдары жойылғанын, көлік қозғалысы қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Түнгі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 189 бірлік техника мен 180 жұмысшы кезекшілік етпек.
"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің болжамынша, 18 қыркүйекте Алматыда кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде және таңертең тұман түседі, күндіз + 16...+18 °C-қа дейін жылы болады.
19 қыркүйекте де кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз температура +16...+18 °C шамасында болады.