Үлкен Алматы өзені жағалауындағы гранит тақталардың ұрланып жатқан сәті видеоға түсіп қалды (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:17
- 36

Желіде Алматыдағы өзеннің бойынан жүк көлігі заңсыз түрде гранит тақталарын тиеп, мүрде тас әзірлейтін цехқа жеткізген сәтінен видео тарады. Қала әкімдігінің өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ұрлық фактісін растады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Үлкен Алматы өзенінің бойынан табиғи гранит плиталарының заңсыз тасымалын әшкерелеп, Instagram-дағы парақшасында оқиға орнынан видео жариялады. Бейнежазба авторының сөзінше, ұрлық болып жатқан кезде жақын маңда полиция өкілдері болған.
Блогер гранит тақталарын тиеп алған жүк көлігінің артынан жүріп отырып, заңсыз жүкті қайда апара жатқанын білуге тырысты. Белгілі болғандай, жүргізуші тақталарды Алматы облысындағы Талғар ауданына жеткізіп, сол жердегі мүрде тас жасайтын цех ғимаратының алдына түсіре бастаған.
Боқаев жүк көлігінің жүргізушісінен тақталарды қайдан алып келе жатқанын сұрағанда, ол жарамсыз тақталарды Әйтей ауылындағы қоқыс тастайтын жерден алғанын айтады. Алайда артынан қоғам белсендісі плиталардың сынбағанын әрі қолданысқа жарамды екеніне көз жеткізіп, жүргізушіге шын мәнінде гранит тақталарын қай жерден алып келе жатқанын білетінін айтты.
Заңсыз тасымал фактісі әшкереленген соң, гранит тақталарын қайтадан қалаға, алынған жеріне жеткізеді.
NUR.KZ тілшісі оқиғаның мән-жайын білу мақсатында Алматы әкімдігіне жүгінді. Экология басқармасы видеодағы гранит тақталарының ұрланғанын хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, 15 қыркүйек күні жүк көлігі заңсыз түрде 12 гранит тақтасын тиеп алып кеткен. Көлік жүргізушісі белгісіз тұлғаның тапсырмасын орындағаны және бұл жағдай туралы күзетшінің хабардар болғаны анықталды. Ақылбек есімді ер адам жүкті сәтті тасымалдаған жағдайда жүргізушіге 50 мың теңге төлеуге уәде еткен.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жұмыстары басталып кетті.