Қарағандыда пойыз апатқа ұшырады: үш адам көз жұмды
Қарағандыда пойыз жеңіл көлікке соқтығысты.
Қарағандыда пойыз апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Оқиға Ақадыр – Қарағанды учаскесінің Жарық-Дария аралығындағы күзетілмейтін реттелетін теміржол өткелінде орын алған.
ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, 92 км/сағ жылдамдықпен жүріп келе жатқан жолаушылар пойызының машинисі Mazda маркалы жеңіл автокөліктің жолға шығуына байланысты шұғыл тежеуді басқан. Бірақ соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Автокөлік жүргізушісі мен екі жолаушы ауыр жарақаттан көз жұмды. Оқиға туралы ақпарат құқық қорғау органдарына берілді.
«ҚТЖ «ҰК» АҚ қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады және жол қозғалысының барлық қатысушыларын теміржол өткелдерінің жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Түнде апат қаупі артқан кезде ерекше назар аудару қажет», — делінген мәліметте.