Қоғам

"Егіздің сыңары": Отарда 19 жастағы сарбаз көз жұмды

Жамбыл облысында сарбаз қайтыс болды.

Жамбыл облысы Қордай ауданы Отарда 19 жастағы сарбаз жұмбақ жағдайда көз жұмды. Оның денесі Мәтібұлақтағы әскери бөлімінен табылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Дінмұхамед Шынарбектің қазасы туралы әпкесі Еңлік Қалтаева мәлімдеді.
ресми мәлімет бойынша сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның отбасы оған сенбейді.

«Өткен жылдың күзінде інім Даниял әскерге кеткен еді. Көктемде оның егізі Дінмұхамед те Отан алдындағы борышын бірге өтеу үшін әскерге шақырылды. Олар қатар қызмет етті, бірақ ант қабылдағаннан кейін Дінмұхамедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырып, ағасынан бөлек жіберді. Ал егіздерді бөлуге болмайды. Дәл сол жерде қайғылы жағдай болды», –  дейді қаза болған сарбаздың әпкесі Енлік Қалтаева.

Әпкесінің айтынша, егізді сыңары Дінмұхамедтің болашаққа арманы зор болған екен.

«Еңбекқор, мейірімді, болашағына арман-үмітпен қараған... Жуырда ғана Дінмұхамедті әскерге қуанышпен шығарып салдық, оның жарқын болашағына сендік. Ал бүгін анасы оны жансыз дене күйінде қарсы алып отыр. Оның өлімін суицид деп түсіндіргеніне сенбейміз. Бізге шындық пен әділет қажет», –  дейді Енлік.

Аталған жағдайға қатысты еліміздің қарулы күштері Құрлық әскерлері пікір білдірді. 

"Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді", — делінген хабарламада.