Мәжіліс депутаттарға аналарын мінберден құттықтауға рұқсат берді
Ардақ Назаровтың анасын туған күнімен құттықтауынан кейін барлық депуттарға рұқсат етілді.
Мәжілісте депутат Ардақ Назаровтың соңғы пленарлық отырыс барысында анасын туған күнімен құттықтаған әрекетіне түсініктеме берілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауапта төменгі палата Назаровтың іс-әрекетінен регламент пен депутаттық әдеп ережелерін бұзу байқалмағанын хабарлады.
«2025 жылғы 10 қыркүйекте Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауал жариялау барысында депутат Назаров А.К. өзінің анасын құттықтағанына қатысты айтар болсақ, депутаттың әрекетінен Парламент пен Мәжіліс регламенті нормаларының, соның ішінде депутаттық әдеп ережелерінің тікелей бұзылуы байқалмайды», – делінген жауапта.
Мәжілістегілердің айтуынша, бұл құттықтау «пленарлық отырыстың өту барысына әсер етпеген әрі әдепті түрде айтылған». Осыған байланысты мынадай қорытынды жасауға болады: депутаттар аналарының туған күнін мінберден құттықтай алады. Ең бастысы – Назаров сияқты «әдепті түрде» айту.
Сонымен қатар Мәжілісте парламент мінбері тек өз мақсатына сәйкес пайдаланылуы тиіс екені де атап өтілді.
Айта кетсек, 10 қыркүйекте депутат Ардақ Назаров Мәжілістің пленарлық отырысының тікелей эфирінде анасын туған күнімен құттықтады. Депутаттық сауалын жарияламас бұрын Назаров анасын мерейтойымен құттықтауға рұқсат сұрап, вице-спикердің жауабын күтпестен бірден құттықтауын жеткізді.