Ақтөбеде қазақша күрес бойынша оқу-жаттығу кезінде 15 жастағы спортшы қайтыс болды
Рахымжан Елепбергеновті қарсыласы көтеріп лақтырғаннан кейін оның миына қан құйылып, 42 күн есін білмей комада жаты.
Қайғылы оқиға осы жылдың ақпан айында Астанадағы олимпиадалық резерв мектебінде болған. Оған ота жасалып, жас спортшы 42 күн ес-түссіз жатыпты. Рахымжан Елепбергенов 5 сәуір күні көз жұмады. Бірақ жасөспірімнің отбасы жақында ғана болған оқиға туралы айтуға бел буыпты.
Ақтөбедегі сайысқа 15 жастағы жасөспірім өз бапкерімен бірге Родниковка ауылынан келген. Спарринг кезінде қарсыласы жасөсіпірімді көтеріп кілемге лақтырған. Жасөспірім жағдайы нашарлап, басын ұстап, кілемде жатып қалған. Туыстарының айтуынша, оқиғадан 28 сағат өткен соң ғана бас сүйегіне ота жасалған екен.
Ата-ана ұлдары жарақат алған күні жиында дәрігерлер болмағанын, спортшылардың қасында алғашқы медициналық көмек көрсете алатын адам болмағанын кейінірек біліпті. Марқұмның туыстары көмек уақытында көрсетілсе, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді деп ойлайды.
Айта кетейік, Ерейментауда қазақ күресінен Перуаш Кәрімұлының құрметіне өткен республикалық жарыста жасөспірім ауыр жарақат алды.
Марқұмның ата-анасы дәл осы жағдайға кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді.
— Ол күні оқу-жаттығу жиынында медицина қызметкері болмаған. Денсаулығына байланысты демалысқа кетіп қалған. Бір қиыны жаттықтырушысы кешірім сұрамады. Ауруханада жатқан балам арада 42 күн дегенде есін жиды. Сөйлей алмады, қимылдамады. Бас сүйегінің жартысы болмады. Танымайды, білмейді. Арада 61 күн өткенде көзі мөлтілдеп жатып, кетті. Екі ай аурухананың алдында жүрдік шырылдап. Оны Астанаға тасымалдауға мүмкіндік болмады. Ес жиғаннан кейін 5 күн ғана палатада жатты, кейін қайта есінен айырылды,- деді анасы Гүлдерай Гадилшина.
Алғашында анасы баласын оқу-жаттығу жиынына жібергісі келмеді, тіпті жібермеді. Бірақ оқу-жаттығу басталып кеткеннен кейін апасымен еріп, қалаға жолға шықты. Онда да жаттықтырушының керек-жарағын апаруды сылтауратыпты.
— Бізге 1 теңге де керек емес. Біз спорт саласында мұндай адамдар жұмыс істемеуі керек деп айтып отырмыз. Ерейментауда жас балуан көз жұмды. Оқиға қайталанып тұр. Дәл сол жаттықтырушылар Рахымжанның бапкерлері еді. Ештеңенің өзгермегенін, ешкім жазаланбағанын көріп отырмыз. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына да, облыстық білім басқармасына да бардық. Жауаптылар жазасын тартсын, заңгерлер көмектесем десе қабыл аламыз,- деді анасы.