«3 500 теңге»: Министрлік сиыр етінің бағасына қатысты пікір білдірді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:36
- 63

Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етіне қойылған бағаны жариялап, оның қалай қалыптасатынын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, 1 келі еттің орташа құны - шамамен 2 800–3 100 теңге. Оған 15 пайыз көтерме үстеме қосылғанда, баға 3 400–3 500 теңгеге жетеді.
"Салыстырсақ, өңір елдерінде сиыр етінің бөлшек саудадағы бағасы әлдеқайда жоғары. Мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстанда – 6 500 теңгеге дейін, Ресейде – 8 500 теңгеге дейін, Қытайда – 8 000 теңгеге дейін, Түркіменстанда – 9 000 теңгеге дейін, ал Түркияда – 13 000 теңгеге дейін жетеді", – деп мәлімдеді ведомствода.
Министрліктің айтуынша, ірі қара малдың бір тұтас ұшасынан шығатын ет көлемі - салмағының 50–60 пайызы. Оның ішінде тек 15–20 пайызы ғана премиум санаттағы кесінділерге (қазына, рибай, кострец) тиесілі. Олар бағасы қымбат әрі сұранысы жоғары. Орта бөлігі шамамен 40–45 пайыз, төменгі бөлігі – 25 пайыз. Ал сүйек, май және қалғаны 15–20 пайыз шамасында.
"Осылайша, сиыр етінің бөлшек саудадағы бағасы тек өзіндік құнға емес, сонымен қатар еттің санатына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне байланысты қалыптасады. Майы аз ет бөліктері арзанырақ болса, жоғары мәрмәрлі ет пен жұмсақ құрылымы бар кесінділер жоғары сапаға жатады және олардың бағасы қымбат болады", – деп түсіндірді министрлік.
Министрлік негізсіз бағаның өсуін тежеу үшін жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді. Олардың қатарында - бордақылау алаңдары мен шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын кеңейту, ет өңдеу кәсіпорындарын салу және жаңғыртуды қолдау, бағаны тұрақтандыру бойынша форвардтық сатып алу мен интервенцияларды жүргізу бар. Сондай-ақ, өнім өткізу тізбегінің барлық кезеңінде бәсекелестік заңнамасының сақталуына бақылау күшейтіледі.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды үнемі бақылап, азық-түлік қауіпсіздігін және халық үшін ет өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктермен және мүдделі құрылымдармен өзара жұмыс жүргізіп отыр", – делінген ведомство хабарламасында.