«Қимылдамасам ауырып қаламын»: Жетісу облысында 84 жастағы әжей 35 жылдан бері жүгіріп келеді (ВИДЕО)
84 жастағы әжей күніне 6 шақырым жүгіретінін айтады.
Жетісу облысы Панфилов ауданының тұрғыны Бақтыбала Қасымова 35 жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанады. 84 жастағы әжей күніне 6 шақырым жүгіруді әдетке айналдырған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Бақтыбала апа таңмен таласа тұрып, ауыл сыртындағы жотаға жүгіріп шығады.
Әжей қыр басында табиғатты тамашалап, таза ауамен тыныстап бір сергіп қалатынын, ал жүгірмесе, қимылдамаса ауырып қалатынын айтады.
"Жүгірмесем, қимылдамасам ауырып қаламын. Тұра алмай қаламын. Балаларым "жүгірме, қасқыр, шакал бар", - дейді. Қарамай жүгіре беремін. Ол денсаулық үшін. Мен сияқты 85-ке келген адам жоқ. Көбі қайтыс болды. Адам ұмтылу керек. Ниет қылу керек. 50 рет отырып-тұра алатын едім, осы күні қиналмастан 20-25 рет жасай аламын", - деді Бақтыбала Қасымова.
Бақтыбала әжей 20 жылдан аса балабақша меңгерушісі болған. Жетекшілік еткен ұжымымен бірге бүлдіршіндерді еңбекке, білімге баулыған. Бүгінде бұл істі Бақтыбала апаның қызы мен келіндері жалғастырып жатыр.
Ал өзі әжелер ансамблінің құрамында көпшілік мәдени шараларға қатысып, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып жүр.
Талды ауылдық округінің әкімі Қуандық Әшіржановтың айтуынша, Бақтыбала әжей бүкіл ауылдағы жастарға үлкен өнеге.
"Өзінің білген ақылын айтып отырады. Апамыз салауатты өмір салтын ұстанады. Одан бөлек қазақы қолөнерді қолдап, дәріптеп отыр", - дейді ол.
Талды ауылына келін болып түскен Бақтыбала апа жары Нұрғазымен жарты ғасыр бірге ғұмыр кешкен. Екеуі 11 бала өсіріп, қызын-қияға, ұлын ұяға қондырған.
Қимыл қозғалысы ширақ әжей бүгінде бейнетінің зейнетін, ұл-қызының қызығын көріп, немере-шөберелерінің ыстық ықыласына бөленіп отыр.