
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді түбегейлі жаңарту жоспары қолға алынды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, ҰБТ-ның сапасы мен мазмұны айтарлықтай өзгереді.
Осы тұрғыда мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары кезінде бүкіл әлем бойынша тест әзірлеу және бағалау саласында тәжірибесі мол Educational Testing Service (ETS) компаниясының атқарушы директоры Амит Севакпен кездескен.
«Қазіргі таңда біздің ҰБТ-ның сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру жұмысы осы ең ірі, ең беделді тестология орталығымен бірге жүзеге аспақ. Келесі айда үлкен зерттеушілер делегациясы келеді. Яғни бірнеше жылдың ішінде ҰБТ-ның сапасы мен мазмұны айтарлықтай өзгереді», – деді Саясат Нұрбек.
Жаңа үлгі халықаралық стандартқа сай әзірленіп, сұрақтардың сапасы мен ғылыми нақтылығы күшеймек.
Айта кетсек, Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі ережелері 2017 жылы бекітілген. Кейінгі жылдары бұл талаптарға бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазіргі формат бойынша тестілеу 5 пәннен тұрады: үшеуі – міндетті, екеуі – таңдау бойынша бейіндік пәндер. Барлығы 120 сұрақ беріледі. Қазақстан тарихынан – 20, математикалық сауаттылықтан – 10, оқу сауаттылығынан – 10, екі бейіндік пәннен – әрқайсысына 40 сұрақтан беріледі.