Қоғам

«750 мың теңге ақша жібердім»: блогер Ілияс Сариевке қатысты сот отырысы басталды

Алматыда "Робин Гуд" атанған Ілияс Сариевке қатысты сот отырысы басталды.

Алматыда Алмалы аудандық сотында блогер Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Сотта жәбірленушілер қатысып, блогермен қалай танысқандарын айтып берді. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай YouTube арнасында көрсетті. Айтуынша, бұл істе бас аяғы 26 жәбірленуші бар екен. 

“Екі баласы бар, жалғызбасты анамын. Жалдамалы пәтерде тұрамын. 3 жарым жастағы қызымның еміне ақша жинай бастадым. Өзімнің жұмысымдағы әріптестерім көмектесіп, Ілияс Сариевтен көмек сұрауға кеңес берді. Жеке телефонын алып, көмек сұрадым. Хабарласқан бойда, ол кісі маған видео арқылы шығып, қызымды көрсетуімді сұрады. Екі сағаттан кейін үйге келіп, “Баланың жағдайын бақылауым керек” деп түнде бір-ақ кетті. Күндіз келген адам түнге дейін қасымызда болды. Қызымның еміне ақшаны тез жинап беруге уәде етті. “100 мың теңге салып жіберіңіз, видео түсіретін балаларға беруім керек” деді. Бүгінде бас-аяғы 750 мың теңге ақша жібердім”, – деді Айман жәбірленуші. 

Сотқа онлайн қатысып отырған жәбірленушілерден де жауап алынды. Ол Сариевке видео түсіріп беруі үшін ақша жіберген. Бірақ қайтарып бермеген.

Ілияс Сариевтің адвокаты Эльнура Кішкенебаева сот отырысына қатысты пікір білдірді. 

“Ілиястың ісін тергеудің ортасында ғана қолыма алдым. Оған дейін басқа адвокатпен жұмыс істеді. Бұл жердегі жағдайдың бәрін түсіну керек. Өзара нақты уақыты белгіленбеген. Келісім уақыты да көрсетілмеген. Жәбірленуші тараптың құжатын қарағанда да нақты ақшаны жинау уақыты жазылмаған. Олар келтірілген шығында қайтарып берсе, кешірім береміз дейді. Өйткені Сариевтің тарапынан ешқандай зақым келтіретін іс-әрекет болмаған. Блогер бүкіл видеоларын салған. Тек бір ай ғана кешіктірген”, – деді адвокат. 

Келесі тыңдалым 25 қыркүйек күні жалғасады.