Семейде кезекті рет жалпықалалық сенбілік өтті
Семей қаласының 5000-ға жуық белсенді тұрғыны қаланы тазартуға белсенділік танытты.
Семей қаласында Дүниежүзілік тазалық күні мен Қала күні қарсаңында ауқымды жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.Шараға қала тұрғындары, еріктілер, мемлекеттік мекемелердің және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері белсене атсалысты. Жалпы саны 5000-нан астам адам тазалық ісіне үлес қосты.
Олар қаланың орталық көшелерін ғана емес, шалғай шет аудандарды да тазартып шықты, Жаз бойы өскен шөптер мен қала тұрғындары тастаған түрлі тұрмыстық қалдықтар, күнделікті ас-су қораптарын бір үйдің баласындай жинап, қаптап, бір жерге үйді.
«Қаламызда жалпықалалық сенбіліктер дәстүрге айналып келеді. Тұрғындар да ортақ үйіміз -Семей екенін сезініп, ұрпақ алдындағы жауапкершілікке, аманатқа адал азамат болуға тырысушылар саны артып келеді. Біз қаламызды балаларымызға, келешек ұрпағымызға көркейтіп кету біздің міндетіміз. Бүгінгі шараға тұрғындар, еріктілер, мекеме қызметкерлері атсалысып, ортақ іске үн қосты. Қаланы таза ұстау – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Себебі, таза қала – жайлы өмірдің кепілі», – деді қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Гапуов.Еріктілер де бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
«Қаланы таза ұстау үшін мұндай сенбіліктерді жиі-жиі ұйымдастырып тұрған жөн. Барша қала тұрғындарын осындай ортақ іске қосылуға шақырамын. Әрқайсымыз өз ауламыздан бастап тазалыққа үлес қоссақ, Семейіміз әрқашан көрікті қала болып қала береді», – дейді ерікті Мақсат Ермаханов.
Сенбілік барысында оң және сол жағалау ғана емес, сонымен қатар қаланың шеткі аудандары да қамтылды. Нәтижесінде 900 текше метрден астам қоқыс арнайы полигонға шығарылды.