Алматыда ірі компанияны сотта жеңген азаматты бейтаныстар психиатриялық ауруханаға жаппақ болған ба?
Адвокат: Ірі компания сот шешімімен Қойбағаровқа қомақты қаржы төлеуге міндетті. Енді олар сол ақшаны төлемеу мақсатында Даниярға "ақыл-есі кем" деген құжат әпермекші.
Алматыда ІІ топтағы мүгедек Данияр Қойбағаровты күштеп психиатриялық экспертизаға апару әрекеті қоғам назарын аударды. Оқиға өткен аптада оңтүстік астанадағы тұрғын үйлердің бірінде болған.
Куәгерлердің айтуынша, спорттық киімдегі белгісіз адамдар Қойбағаровтың пәтеріне баса-көктеп кіріп, оны күштеп алып кетпек болған. Олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырғанымен, ешқандай құжат көрсетпеген.
Заңгер Мария Бесарабтың сөзінше, бұл әрекет Қойбағаровтың сотта жеңіп шыққан ісімен байланысты. Сот шешімі бойынша, «АККОН» ЖШС оған ірі көлемде өтемақы төлеуі тиіс. Компания өкілдері бұл міндеттемеден жалтару үшін азаматты «ақыл-есі дұрыс емес» деп тануға тырысып жатыр деген болжам бар.
Кейін анықталғандай, Қойбағаровты алып кетпек болғандардың бірі – Қарағанды облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасының майоры Абай Кабыкен. Ол өзінің Алматыда қызметтік бұйрықпен жүргенін және әрекеттері заңды екенін айтты.
Адвокат Алма Мусина болса, күштеп алып кету әрекетін «заңсыз» деп бағалады. Оның айтуынша, азаматты мәжбүрлі түрде психиатриялық экспертизаға жіберу үшін сот шешімі немесе прокурор санкциясы қажет.
Жағдай тек учаскелік полицейлер, адвокаттар және журналистер келгеннен кейін ғана тоқтаған. Қойбағаровтың туыстары әділдікке жету үшін күресті жалғастыратынын мәлімдеді.