Қоғам

«Отбасымды тастамаймын, сені де ренжітпеймін»: Ақтөбе облысында әкім өз кабинетінде жалғызбасты әйелді ұрып-соққан

Әкім көңілдесін өз кабинетінде ұрғаны үшін істі болды.

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының әкімі Қазыбек Аққайыр өзі кездесіп жүрген әйелді ұрып-соққаны үшін сотта жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сотта әйелдің айтуынша, әкіммен 2021 жылы танысқан. Аққайыр отбасын тастамайтынын, бірақ оны да ренжітпеуге уәде берген. Біраз жыл өткеннен кейін оған күш көрсеткен. Әйел оқиға әкімнің кабинетінде болғанын айтады. Оны қылқындырып, бірнеше рет басынан және бетінен ұрған.

«Аққайырмен әлеуметтік желіде таныстық. Ол өзінің отбасылы екенін айтты. Бірақ «сені де ренжітпеймін» деп айтты. Қарым-қатынасымыз жалғасын тапты. 2024 жылдың желтоқсан айында ол маған күш жұмсады. Өмірімде бірінші рет маған ер адам қол көтерді. Ол қылқындырып, басымнан ұрды. Мойнымнан ұстап, қабырғаға соқты», - дейді жәбірленуші.

Қызбек Аққайыр өз кінәсін мойындамады. Сот куәгер ретінде әкімдіктіктің қызметкерлері мен блогерлерді қатыстырды. Олар одан арызын кері алуын сұраған. Әйелдің айтуынша, үш баланың анасы және тәрбиеші болып жұмыс істейді.

Белгілі болғандай, Қазыбек Аққайыр 2024 жылы шілдеге дейін Қандыағаш қаласында әкім болған.