Қоғам

Семейде Бапышев Мұрат саяжайында халық сұраған су, жол, жарықтың жөндеу барысын тексерді

Саяжай тұрғындары жыл басынан бастап жайлы өмір сүру үшін керекті дүниелер тізімін әкімге хат түрінде жазып, кездесулерде көрсеткен болатын.

Бекжан Бапышев таң азанмен қаланың жай-күйін өз көзімен көру үшін көшеге шықты. Оның ішінде мердігерлер жұмыс жүргізіп жатқан Мұрат саяжайына кіріп өтті.

Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев таңғы уақытта қаланы аралады. Сапар барысында Мұрат саяжайына барып, тұрғындармен кездесті. Кездесу кезінде саяжай аумағындағы жарық көзі мен ауыз су тарту жұмыстарының барысы талқыланды.

«Жұмыстардың орындалуы жеке бақылауымда. Жоспарға сәйкес өз кезегінде жүзеге асырылуда», – деді ол.

Сонымен қатар, қала әкімінің міндетін атқарушы мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстың сапасы мен уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Есте болса, әкім міндетін атқарушы Бапышевке көктемде дәл осы саяжай тұрғындары кездесуге келіп, заманауи өмір сүру үшін қажетті су, жарық, жол, балалар алаңы сынды қажеттерін сұраған болатын.

Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев жарты жыл бұрын Мұрат және Бобровка саяжайларының тұрғындарымен кездесу өткізген еді. Басқосу барысында тұрғындар өзекті мәселелерін көтерген еді. Атап айтқанда, электр желілерін жаңарту, ауызсу мәселесін шешу, жолдарды жөндеу, балалар ойын алаңдарын орнату, қоғамдық көлікпен қамту және аумақты абаттандыру сынды бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.

Бүгінде екі саяжайда 6000-нан астам азамат тұрады. Көктемгі кездесуде  тұрғындар көтерген мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып,Бапышевтан өздері тұратын аумаққа жарық,су, жол, балалар алаңы ауадай қажет екенін айтқан еді.

«Әр тұрғынның мәселесі біз үшін маңызды. Саяжай тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін барлық қажетті жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады. Бастысы — бірлесіп, нәтижеге қол жеткізу», - деген болатын Бекжан Бапышев сол кезде.

Кездесу нәтижесінде тиісті бөлім басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Осыған дейін Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев Мұрат саяжайына барып, ауызсу мәселесі жөнінде көшпелі кеңес өткізген еді. Сол кездесулердің нәтижесі болса керек, қала қаржысын ысырап етпей мердігер компаниялар мойындарына алған жұмысты атқарып жатыр. Ал, саяжай тұрғындары өздерінде барлық жағдай жасалған күнді асыға тосып жүр.  Олар қазір жасалынып жатқан жұмыстарды арасында өздері де бақылап қояды.

 Жыл басынан бері  Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевке Шығыс кентінде орналасқан саяжай тұрғындары да өз өтініштерімен келген еді. Ондағы мәселе әдеттегідей  саяжайға арналған жер учаскесінде тұратын халық жолды тегістеп, ауызсумен қамтуды, гүлзарларды жөндеп, көгалдандыру жұмыстарын сұраған еді.

Әкім міндетін атқарушы Бапышев алдымен ауыр техникаларды ұйымдастырып, халыққа ең керегі жолдарын сүргізіп берді. Саяжай тұрғындары өтініштерінің дереу орындалғанына дән риза болды. Әрі кезекте тұрған мәселелер алдағы уақыттар ретімен шешімін табатынына сенімділік білдірді. Өйткені ондаған жылдар бойы шыдамы жетіп, жайлы өмірді күткен жұрттың аңсаған арманы орындалып келеді. Халық пен жергілікті әкімдік бірлесе, түсінісе еңбек етсе, жемісті нәтиже болады дейді тұрғындар.

«Әрине, барлық кемшілікке әкімдерді, әкімдік өкілдерін кінәлай беруге болмайды. Олар да шама-шарқынша, қаржының бөлінуіне қарай әрекет етеді деп ойлаймыз. Бірақ көзіміздің жеткені, сөйлесу, кездесулер, пікір алмасу арқылы көптеген мәселені орнымен, ретімен шешуге болады екен. Қаламызға осы өңірді сүйетін, халыққа жағдай жасайтын, адал азамат келсе екен деген тілегіміз бар»,-дейді Мұрат Саяжайының тұрғыны Ілесбек Рахманұлы.