Павлодар облысында әкесі 3 жасар қызын ұрып өлтірді
Павлодар облысында ауыр жарақаттан қайтыс болды.
Павлодар облысында 3 жасар қыз бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болды. Оның өліміне кінәлі деген күдікпен әкесі қамауға алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүлдіршін 20 қыркүйек күні Тереңкөл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне аса ауыр жағдайда түскен.
«Бас сүйегінің желке тұсындағы бөлігі жабық сынған, сол жақ қасының үстінде жарақат, жұмсақ тіндердің көптеген жарақаттары және денесінде көгерген іздер анықталды. Жүргізілген реанимациялық іс-шаралар нәтиже бермей, өлім тіркелді», – делінген басқарма хабарламасында.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
«Қылмыс жасады деген күдікпен әкесі ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», – деп мәлімдеді полиция департаменті.