Қазақстандық түлектер ҰБТ сертификатымен кез келген шетелдік университетке оқуға түсе алатын болады
Бұдан былай ҰБТ сертификатымен шетелдік университеттерге оқуға түсуге жарамды болмақ.
Қазақстандық талапкерлер ҰБТ сертификатымен шетелдік жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл ұлттық бірыңғай тестілеу халықаралық тестке айналғаннан кейін болмақ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министр 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қазіргі форматы өзгермейтінін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – ҰБТ жүйесін халықаралық тест қабылдау форматына көшіру. Болашақта жұмысты дұрыс ұйымдастырып, әдістемені енгізген жағдайда біздің талапкерлер ҰБТ тапсырып, сол сертификатымен кез келген шетелдік университетке тапсыра алады. Бұл бес жылға созылатын жұмыс. 2027 жылдан бастап пилоттық жоба енгізіледі. Талапкерлерге таңдау мүмкіндігі беріледі, яғни олар ескі жүйемен немесе жаңа жүйемен тапсыра алады. Жаңа модель ақырындап аяққа тұрып, толыққанды қолданылған жағдайда ғана жаңа форматқа көшеміз», - деді Саясат Нұрбек Мәжіліс кулуарында.
ҰБТ-ны қай тілде тапсыратынын да түлектердің өздері шешеді.
Еске салсақ, жуырда Нью-Йоркке жұмыс сапары барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен ҰБТ-ны халықаралық тестке айналдыру мәселесін талқылады. Америкалық ETS компаниясының сарапшылары ҰБТ мазмұны мен әдістемесін өзгертуге көмектеседі.