Астанада ЛРТ келесі аптада іске қосылады
Астанада келесі аптадан бастап ЛРТ жұмыс істейді.
Жыр болаған LRT жобасы келесі аптада іске қосылады. Енді елорда тұрғындары аспанда зуылдаған вагондардың қозғалысын көретін күні алыс емес. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек жеңіл рельсті көлік желісінің бірқатар станциясы сынама режімінде жұмысын бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
«ЛРТ келесі аптада, бір аптадан кейін тест режимінде 1-2 станциясының арасында пойыз қозғалысын бастаймыз. Жалпы тест режим үш айдан алты айға дейін созылады. Қазан айында қосымша сегіз пойыз келеді. Желтоқсанға дейін толығымен 18 келеді. Біздің жоспарымыз бойынша келесі жылдың басында барлық құрамы жұмыс істейтін болады», - дейді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Егер алты айлық сынақ кезеңі сәтті өтсе, вагондар келесі жылдың басында ел игілігіне берілмек. Қала басшысының айтуынша, жеңіл рельсті көлік жүйесіне қазан айында тағы 8 пойыз қосымша жеткізіліп, жыл соңына дейін барлық 18 құрам толық келеді деп жоспарланып отыр. Бұған дейін LRT жобасының 18 бекеті анықталып, атаулары да бекітілген.
Айта кетейік, жолақысы 200 теңге деп белгіленген көліктің барлық техникасы толық автоматтандырылған, жүргізушісіз жұмыс істейтін болады.