Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қазақстан тұрғындарына құттықтау жолдады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарын Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап.
Ол аянбай еңбек етіп жүрген қазақстандықтарға ризашылық білдірді.
"Еңбек күні құтты болсын! Бұл мерекенің еліміз үшін айрықша мәні бар. Себебі еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар.
Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз.
Еліміздің құндылықтары мен мақсаттарына зор сеніммен қарап, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, әрдайым кәсіби шеберлігін шыңдап, өндірісте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ұмтылатын және әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Біз қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз.
Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін.
Қазақстанның барлық азаматына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!", - дейді Тоқаев құттықтауында.