Қазақстанда 30 қыркүйектен бастап несие беру ережелері өзгереді
Несие берудің жаңа ережесі енгізіледі.
2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұтынушылық несие беру ережелері өзгереді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі uchet.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл өзгерістер шарт жасасу тәртібін, қаражатты аудару мерзімдерін және қарыз алушылардың келісімін алу тетігін реттейді, әсіресе кейбір жас ерекшеліктеріне байланысты топтарға қатысты қолданылады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 30 маусымда Президент «Қаржы нарығын дамыту, қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Бұл түзетулердің негізгі мақсаты – қаржы қызметтерінің ашықтығын арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және несие рәсімдеу үдерісін оңтайландыру.
2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап кепілсіз тұтынушылық несиелерді онлайн рәсімдеу кезінде қаражатты аудару мерзіміне қатысты жаңа талаптар енгізіледі:
- Банктер үшін: 255 АЕК-тен (2025 жылы – 1 002 660 теңге) жоғары сомаға берілетін несиелер қарыз алушының шотына келісімшартқа қол қойылып, клиенттің келісімі алынғаннан кейін 24 сағат ішінде аударылады.
- Микроқаржылық ұйымдар (МҚҰ) үшін: 150 АЕК-тен (2025 жылы – 589 800 теңге) жоғары несие де тәуліктің ішінде қарыз алушының шотына түседі.
Яғни, қаржы ұйымдары қаражат аудару үдерісін жеделдетуге және оны клиенттер үшін барынша ашық етуге міндеттеледі.
Жаңа ережелер қарыз алушылардың жасына да қатысты. 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап:
- 21 жасқа дейінгі немесе 55 жастан асқан азаматтар несие рәсімдеген жағдайда (кепілсіз тұтынушылық несие) келісімшарт тек қарыз алушының тікелей келісімінен кейін ғана жасалады.
Бұл жаңашылдық жастар мен егде жастағы азаматтардың қаржылық мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені бұл топтар несие шарттарын түсіндіру мен нақтылау үшін қосымша ақпаратты қажет етуі мүмкін.