4,8 миллиард теңге: Алматыға "Қайрат" – "Реал" матчынан қанша табыс түсетіні белгілі болды
"Қайрат" – "Реал" матчынан Алматы қаласына 4,8 миллиард теңге табыс түседі.
Алматы 30 қыркүйекте өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" Чемпиондар лигасы ойыны есебінен 4,8 миллиард теңгеге табысқа кенеледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Матч көруге мыңдаған шетелдік жанкүйерлер келді.
Алматы туризм басқармасының дерегінше, Алматыға 4-5 мыңға жуық шетелдік қонақ күтілуде. Mastercard төлем жүйесінің мәліметіне сай, туристер қалада орта есеппен 3,5 күн аялдап, тәулігіне шамамен 441 доллар (241 963 теңге) жұмсайды.
Яғни, бір күнде 1,76 – 2,2 миллион доллар (шамамен 952,2 миллион – 1,2 миллиард теңге). Ал төрт күнде 7 – 8,8 млн доллар (шамамен 3,8 – 4,76 миллиард теңге).
Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясында Алматыда тағы үш еуропалық клубпен матч өтеді. Олар "Брюгге", "Олимпиакос" және "Пафос".
Әрбір ойында кемінде 1 мың шетелдік жанкүйер келеді деп болжанып отыр. Туристердің шығындары тек стадионмен шектелмей, қонақүй мен пәтер жалдау, көлік, тамақтану, ойын-сауық және қызмет көрсету салаларына да жұмсалмақ.