Басты жаңалықтар

Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-басшысы Мұрат Досмұратов қонақүйле көз жұмды

Атырау МӨЗ-дің бұрынғы басшысы қайтыс болды.

"ҚазМұнайГаз" баспасөз қызметі бұрынғы АМӨЗ басшысы Мұрат Досмұратовтың қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Azh.kz мәліметінше, 29 қыркүйекте шамамен сағат 10:00-де Атыраудағы Somerset қонақүйінде "ҚМГ Инжиниринг" ЖШС-нің мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі директоры Мұрат Досмұратов көз жұмған.

"Алдын ала деректер бойынша, өлім себебі – жүрек талмасы. Қонақүй әкімшілері жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оның клиникалық өлім жағдайында екенін анықтап, реанимациялық шаралар жасаған, алайда құтқарып қалу мүмкін болмаған", – деп жазады басылым.

Айта кетейік, Мұрат Досмұратов Қазақстанның мұнай-газ саласында бірқатар маңызды қызметтер атқарған.

Еске сала кетейік, былтыр күзде Мұрат Досмұратов Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры бола тұра, жылу алмастырғышты кепілдік бойынша тегін жөндетуге талап қоймай, құны екі миллиард теңгеге жуық жаңа келісімшарт жасағаны үшін айыпталып, кінәлі деп таныған болатын.

Алайда кейін ол қылмыстық жауапкершіліктен қылмыс мерзімінің өтуіне байланысты босатылды. Сонымен қатар, одан мемлекет пайдасына 1 миллиард 971 миллион 424 мың теңге көлемінде мүліктік шығын өндіру шешімі шығарылды. 2025 жылғы 31 қаңтардағы апелляциялық инстанция қаулысы үкімді өзгертті. Досмұратовқа ҚР ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі бойынша 6 миллион 900 мың теңге айыппұл салынды.

Ол кезде қорғау тарапы апелляциямен келіспей, Досмұратовты ақтап алуды сұрады. Бұл уәжбен айыптау тарабы да келісіп, іс Жоғарғы сотқа жолданды.

Жоғарғы сот бұрынғы бас директордың жағына шығып, бұрынғы сот тұжырымдары істің нақты мән-жайына сәйкес келмейтінін және кінәсіз адамды соттауына себеп болғанын анықтады. Барлық жаңадан ашылған деректерді ескере отырып, судьялар алқасы істі жаңадан сот талқылауына жіберді. Қайта қарау кезінде прокуратура айыптаудан толықтай бас тартты. Осылайша, Досмұратов ақталған болатын.