Қоғам

2026 жылдан бастап таксистер мен курьерлерге де салық салынады

Енді такси мен курьерлерге де салық салынады.

Қазақстанда 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі күшіне енеді. Бұл туралы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа ережеге сәйкес, интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді енді осы платформалардың өздері аударады. Демек, Яндекс Go, Glovo секілді сервистер орындаушылардың табысынан 4% ұстап қалып, бюджетке жіберіп отырады.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жүйе салық төлеушілерді есеп-қисап жүргізуден, чек беруден және есеп тапсырудан босатады. Барлық процесс автоматтандырылмақ.

Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, жаңа жүйе қазіргіге қарағанда әлдеқайда жеңілдетілген:

«Қолданыстағы кодексте олар жеке кәсіпкер ретінде 3% төлейді немесе жалдамалы жұмысшы болса 10%, оған қоса әлеуметтік жарналар, зейнетақы аударымдары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бар. Ал жаңа кодексте барлығы 4% ғана – әр бағытқа 1%-дан. Бұл ең төменгі мөлшерлеме және ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Жобаға сәйкес, 2026 жылдан бастап:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысының 4%-ын әлеуметтік төлемдерге аударады (1% – БЖЗҚ, 1% – Әлеуметтік сақтандыру қоры, 1% – әлеуметтік аударымдар, 1% – МӘМС);
  • жалдамалы жұмыс күшін пайдалана алмайды;
  • айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы тиіс (2026 жылы шамамен 1,3 млн теңге);
  • жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі керек.