Алматыда "Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчынан кейін автобустар жанкүйерлерді тегін тасымалдайды
"Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчын көруге келген жанкүйерлерді автобустар тегін тасиды.
Бүгін 30 қыркүйек “Қайрат” – “Реал Мадрид” ойынынан кейін Алматы әкімдігі ұйымдастырған 60 автобус жанкүйерлерді тасымалдайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы әкімдігі Орталық стадион испаниялық команданы қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Төрешілер мен ойыншыларға барлық жағдай жасалған, киім ауыстыратын бөлмелер жабдықталып, спортшылардың жайлылығы үшін қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
“Стадионның ішкі безендірілуіне ерекше көңіл бөлінді: трибуналар жаңартылды, стадион сәулетіне сай жаңа көркем суреттер жасалды. Көрермендерге ыңғайлы болу үшін 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылды, санитарлық тораптар жаңартылып, қосымша 60 биодәретхана орнатылды”, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, матч кезінде Алматы қалалық полиция департаментінің 2382 қызметкері жұмылдырылады.
Матч аяқталған соң жанкүйерлердің үйлеріне жайлы жетуі үшін 60 автобус ұйымдастырылады. Олар Абай, Сәтбаев және Байтұрсынұлы көшелерімен жүріп, алты бағытта қатынайды:
- Орталық стадион – "Алматы Арена" – батыс бағыты;
- Орталық стадион – Райымбек/Алатау – батыс бағыты;
- Орталық стадион – Алматы-1 теміржол вокзалы;
- Орталық стадион – "Орбита" шағын ауданы;
- Орталық стадион – "Жұлдыз" шағын ауданы – шығыс бағыты;
- Орталық стадион – әуежай – шығыс бағыты.
Сондай-ақ әкімдіктің дерегінше, қала метросының жұмысы түнгі сағат 01:00-ге дейін ұзартылады.