"Қайрат" – "Реал Мадрид": Алматыға қанша шетелдік турист келгені белгілі болды
Алматыға матч көру үшін 5000-нан астам қонақ келген.
"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчына байланысты Алматыға қанша шетелдік турист келгені белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
"Қайрат» – "Реал Мадрид" матчын тамашалау үшін 26-29 қыркүйек аралығында Алматыға 5 мыңнан астам шетелдік қонақ келген. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы e-Qonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сілтеме жасап мәлімдейді.
Қазақстанның өзге өңірлерінен келген жанкүйерлермен бірге жалпы көрермен саны ондаған мың адамға жетеді.
Негізгі туристер легі Қытай, Үндістан, Ресей, Қазақстанның басқа облыстарынан, сондай-ақ Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД және өзге де Еуропа мемлекеттерінен келген.
"Матчтың экономикалық әсері айтарлықтай жоғары болмақ. Mastercard компаниясының мәліметінше, Алматыға келген шетелдік туристің орташа шығыны шамамен 1 500 АҚШ долларына жетеді.
Бұл қаржыға қонақ үйде тұру, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен сауда кіреді. Мұндай шығындар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандырады әрі қала экономикасына мультипликативті әсер етеді", - делінген хабарламада.