Тоқаев елімізде жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастағанын мәлімдеді
Томирис Тоныкөк
Қазақстанда жасанды интеллект өз жұмысын бастады.
Елімізде Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Digital bridge 2025 халықаралық форумында жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды екенін айтты.
"Кеше Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды.
Сондай-ақ бүгін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. Alem.ai жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және Alem.ai орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек", - деді президент.