Қазақстандық кәсіпкер әйел ғарыш сапарына аттанбақ
Бұрынғы депутаттың қызы Blue Origin компаниясымен ғарышқа ұшады.
Экс-депутат Гүлжан Қарағұсованың қызы Данна Қарағұсова Blue Origin компаниясымен ғарышқа ұшады. Кәсіпкер әйелдің ұшатын күні жақын арада белгілі болмақ, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі BlueOrigin басылымына сілтеме жасап.
Ол Blue Origin компаниясының New Shepard зымыранымен суборбитальды туристік рейске аттанады.
Blue Origin компаниясы NS-36 миссиясы аясында ғарышқа ұшатын келесі экипаж құрамын жариялады. Құрамға Джефф Элгин, Данна Қарағұсова, доктор Клинт Келли III, Аарон Ньюман, Виталий Островский және аты құпия сақталатын алтыншы қатысушы енген. Blue Origin веб-сайтында Даннаның медиа, тарату және іс-шараларды жоспарлауда 25 жылдан астам тәжірибесі бар екені айтылған. Ол альпинист, Килиманджаро мен Эльбрусқа шыққан.
"Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Біз бұл арқылы жаңа технологияларды, өз мүмкіндіктерімізді кеңейте аламыз. Мен үшін Blue Origin компаниясының NS-36 миссиясы – зерттеу жобасының бір бөлігі. Бұл менің көп жылдан бері армандап келе жатқан мақсатым", – деп жазды Қарағұсова Instagram парақшасында.
Данна Қарағұсова – FMG маркетинг холдингінің негізін қалаушы. Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сенат пен Мәжілістің бэкс-депутаты Гүлжан Қарағұсованың қызы.