Басты жаңалықтар

«Біз егіздерді бөлмедік»: Қорғаныс министрлігі Алматы облысында көз жұмған сарбазға қатысты пікір білдірді

Қорғаныс министрлігі Алматы облысында әскери бөлімде өлі табылған сарбазға қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев 19 жастағы мерзімді әскери қызметші Дінмұхаммедтің қазасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қыркүйекте әскери қызметшінің денесі Алматы облысындағы әскери бөлімнен табылған.

"Қазір тергеу жүріп жатыр, кез келген пікір қате таралып, зиян келтіруі мүмкін. Бұл – ата-ана үшін үлкен қасірет, біз үшін де ауыр соққы. Біз, командирлер, әскерге келген әрбір сарбазды жеке танимыз. Бір жылдық қызметтегі барлық жетістігін бірге бөлісеміз. Ал мұндай жағдай бізге де, командирлер үшін ауыр", - деді қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі ресми жауап бермес бұрын тергеудің аяқталуын күтуді көздеп отыр.

"Әке-шешесіне қатысты айтарым: сарбаздар әртүрлі уақытта және әртүрлі елді мекендерден шақырылған. Тергеудің аяқталуын күтейік. Қылмыстық іс қозғалды, ол аяқталғаннан кейін барлық сұраққа ресми жауап береміз", - деп қосты министрдің орынбасары.

Еске салсақ, марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаеваның жазуынша, оның інісі Дінмұхаммед егіз ағасының артынан әскерге кеткен. Алдымен олар бір әскери бөлімде қызмет еткен, кейін біреуін басқа бөлімге ауыстырған. Ал 17 қыркүйекте отбасы Дінмұхаммедтің көз жұмғаны туралы хабар алған.