«Жағымсыз иіспен күресіп келеміз»: Алматыда BI Group салған жаңа тұрғын үй кешенінің жертөлесін су басты (ВИДЕО)
Алматылық тұрғын BI Group компаниясынан сатып алған пәтерін су басып кеткенін көрсетті.
BI Group компаниясының жаңа тұрғын үйінен пәтер сатып алған алматылық тұрғын су басқан жертөлені көрсетті. Бұл туралы ол желіде видео жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Видеода үйдің төменгі қабатында су тасып жатқанын көруге болады. Бұл Алматы қаласындағы Arena Park тұрғын үй кешенінде болған.
«Біз BI Group компаниясының тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алдық. Оның сапасына сенім арттық. Алайда шынайы жағдай мүлдем басқаша болып шықты. Бірақ көшіп келгелі жертөледе су басу, ылғалдылық пен жағымсыз иіспен күресіп келеміз. Бұл проблемалар тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Өкінішке қарай, сервис қызметіне және басқарушы компанияға бірнеше рет жүгінгенімізге қарамастан, мәселе әлі шешілген жоқ. Қызметкерлердің жауабы тек ресми формалды деңгейінде, ал нақты шаралар қабылданбай отыр», - деп жазды алматылық.
Өз кезегінде BI Group компаниясының BI Service басқарушысы мәселеге қатысты пікір білдірген.
«Апатты жағдайға байланысты кешірім сұраймыз және оның қандай қолайсыздықтар туғызғанын түсінеміз. Бүгін өрт сөндіру станциясында өртке қарсы су құбыры жарылып, бұл бағытта алғаш рет апатты жағдай болды. Соның салдарынан 5-блоктың бірінші қабаты су астында қалды. Ақпаратты бірден инженерлік қызмет мамандарына жібердік. Олар суды толық сорып алды. Қазір тек лифт шахталарында жұмыстар жалғасып жатыр», - дейді компания өкілі.