Руслан Берденов Алматыда жаңа қызметке тағайындалды
Экс-депутат Алматының дамуына жауапты мекемеге бас директор болды.
Желіде Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов Алматыда жаңа басшылық қызметке тағайындалғаны туралы ақпарат тарады.
Нақтырақ айтсақ, оның Алматы қаласын дамыту орталығының басшысы болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Оңтүстік астана әкімдігінің баспасөз қызметі желіде тараған бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"Біз мұны растаймыз", - деп мәлімдеді ведомство.
Ресми сайттағы мәліметке сәйкес, "Алматы қаласын дамыту орталығы" акционерлік қоғамы Алматы қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 30 мамырдағы № 2/31 қаулысының негізінде жарғылық капиталға мемлекеттің 100 пайыз қатысуы негізінде құрылды.
АДО миссиясы – қала әкімдігіне және оның тұрғындарына қалалық басқарудың тиімділігін арттыруға, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуға және Алматының өмір сүру үшін неғұрлым қолайлы және тартымды қалалардың қатарына кіруге бағытталған кәсіби қызметтердің кең спектрін ұсыну арқылы Алматының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету.
Еске сала кетейік, биыл 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер Руслан Берденовке шұғыл түрде ота жасалғанын, ота төрт сағаттан аса уақытқа созылғанын жеткізді. Кейінірек оның есін жиғаны белгілі болды.
Полиция күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 25 маусымда Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша тергеу аяқталғаны хабарланды.
28 шілдеде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау фактісі бойынша сот процесі басталғанын хабарлағанбыз.
Соттың алдын ала тыңдауында прокурор айыптау нұсқасына сәйкес қылмыстың себебін айтты. Айыптау тарабының нұсқасы бойынша Руслан Берденов қызметке тағайындалғаннан кейін күдіктіден өз еркімен жұмыстан кету сұралған. Айыпталушы қызметінен кеткісі келмей, стресс жағдайында алкогольдік ішімдік ішіп, аңшы мылтығын алып, сол күні кешке шабуыл жасаған.
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша күдікті болып танылған Ернар Жиембай сотта соңғы сөзін айтты.
Кейін Руслан Берденов өзінің өтініші бойынша Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінен кетті.