Алматыда жылу маусымы ерте беріледі: кесте жарияланды
Алматыда биыл жылыту маусымы ерте басталады.
Алматыда 8 қазаннан бастап жылыту маусымы басталады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі әкімдікке сілтеме жасап.
Күннің күрт суытуына байланысты биыл жылыту маусымы ертерек басталады.
"Алматыда ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыту маусымын әдеттегіден ертерек бастау туралы шешім қабылданды. 8 қазаннан бастап Алматыда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу басталады", – делінген Алматы энергетика және сумен жабдықтау басқармасы хабарламасында.
Алматы қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мәліметінше, ең алдымен жылу әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептерге және медициналық мекемелерге беріледі.
"Тұрғын үйлерге жылу беру 10 қазаннан бастап жоспарланған. Үйлерге жылу берілгеннен кейін ПИК және ОСИ мамандары ішкі жүйелерді реттейді және пәтерлердің біркелкі жылуын қамтамасыз етеді", – деді басқарма өкілдері.