Қоғам

«Кітап оқитын ұлт» жобасы кітапсүйер жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайды

«Кітап оқитын ұлт» жобасына 189 мыңнан астам адам қатысуға тіркелді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы қыркүйек айында Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында бастау алды. Алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың III отырысында айтылған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына шығаруды көздейді.

Бір ай көлемінде 3 аймақтан 189 221 адам қатысуға өтінім берген. Қарағанды облысы бойынша 67438 қатысушы тіркелсе, Қостанай облысы бойынша 55 281 азамат өтінім берген. Ал Шымкент қаласынан 66 502 өтінім келіп түскен.

Оның ішінде 6-10 сынып аралығындағы 87157 оқушы, 14049 педагог, 2388 жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметші, сонымен қатар 36553 отбасы, 29 085 колледж және жоғарғы оқу орны студенті қатысуда.

 «Кітап оқу – менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Айына кем дегенде екі-үш кітап оқымасам, өзімді толық сезінбеймін. «Кітап оқитын ұлт» жобасы сияқты бастама біз сияқты кітапқұмар жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Алдағы кезеңде байқаудың жеңімпазы атану үшін бар күш-жігерімді саламын және бұл жобаның оқу мәдениетін дамытуға қосар үлесі зор деп есептеймін», - дейді жоба қатысушысы, Қостанай облысы №31 мектебінің 10 сынып оқушысы РагимоваАнель.

Жобаның екінші кезеңінде тіркелген әр қатысушы, бекітілген тізімдегі 15 кітапты оқуы кажет.

Әр бағыт бойынша ережелер мен оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі www.reading-nation.kz сайтында жарияланған.

«Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау арқылы азаматтар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатындағы бұл ауқымды жоба еліміз үшін өте маңызды. Біз әртүрлі санаттағы азаматтармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде олардан тек оң пікірлер естідік. Жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны өте көп, ал жүлде қоры да тартымды. Ең бастысы, бұл жоба арқылы елімізде кітап оқитын қауымның саны артып, оқу мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз», - дейді  жоба авторы Бақытжан Тұрлыбеков.