Кабинетінде көңілдесін ұрып, тұншықтырған ақтөбелік әкімге айыппұл салынды
Қандыағаш қаласының әкімі өз кабинетінде көңілдесін ұрып-соққан.
Өз кабинетінде әйелді ұрып-соқты деп айыпталған Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр кінәлі деп танылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мұғалжар аудандық сотының үкімі бойынша әкімге 80 айлық есептік көрсеткіш (314 560 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Ол Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі (“Ұрып-соғу”) бойынша жауапқа тартылды.
Сот шешімі бойынша Қазбек Аққайыр жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық зиян келтіргені үшін төлем төлейді. Сондай-ақ 100 мың теңге өкілдің шығыны және мемлекет пайдасына 1966 теңге мемлекеттік баж өндіріледі.
“Сотталушы Қазбек Аққайыр кінәлі деп танылсын және оған 80 АЕК көлемінде айыппұл салынсын. Үкімнің азаматтық талап бөлігін ерікті түрде орындау үшін үкім заңды күшіне енгеннен бастап 15 тәулік мерзімі белгіленсін”, – деді судья үкім жариялау кезінде.
Аталмыш оқиға өткен жылдың 26 желтоқсанында әкімнің кеңсесінде болған. Тергеу дерегінше, әкім жалғызбасты әйелдің мойнынан қысып ұстап, бірнеше рет ұрған.
Қазбек Аққайыр мен жәбірленуші жігіт пен қыз ретінде байланыста болған.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындамады және соңғы сөзінде өзін ақтауды сұрады. Үкімге 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.
Айта кетсек, 39 жастағы Қазбек Тілеуханұлы еңбек жолын мұнай саласынан бастаған. 2024 жылы Қандыағаш қаласы әкімі болып тағайындалған.