Қоғам

ШҚО да әкім орынбасары тұрғындардың қойған талабынан соң «ластанған» бұлақтан су ішті

ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов тұрғындар көрсеткен бұлақтан су ішкен.

10 күн бұрын ШҚО Маралды ауылында 8 бас ірі қара өліп тұрғындар «мал алтын фабрикасынан шыққан қалдық заттардан уланды» деп дабыл қаққан. Арнайы құрылған комиссия 27 қыркүйекте алғашқы тексеріс нәтижесін ауыл тұрғындарына таныстырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Комиссия жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, рН деңгейі, қалқымалы заттар, аммоний, мұнай өнімдері, цианид, ауыр металдар және басқа да элементтер шекті рұқсат етілген мөлшерден аспаған.

Тұрғындар қорытындыға күмән келтіріп, әкімдік өкілдеріне ауыл маңындағы бұлақтан су ішіп, «қауіпсіздігін тексеруді» ұсынған.

ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов бұған келісіп, тұрғындар көрсеткен бұлақтан су ішкен.

Дархан Сапанов жиында «әр ақпаратты тексереміз, егер қандай да бір заң бұзушылық анықталса, жауаптылар жазаға тартылады» деген.

Топырақ пен судан бөлек, мал өлекселерінен де сынама алынған. ШҚО ветеринария басқармасының хабарлауынша, тексеріс нәтижесі 4 қазанда шығады. Зауыт былтыр қарашада іске қосылды. Билік фабрика арқылы елге инвестиция құйылып, жергілікті жерде инфрақұрылым жақсырады дегенді айтқан. Өндірістің қоршаған ортаға зиянын жоққа шығарған. Алтын фабрикасына «ВСАМ ПРОДАКШН» деген компания иелік етеді.

Күршім ауданы Маралды ауылының халқы алтын өндіретін фабрика салуға және алтынды ашық әдіспен күреп алуға 3 жыл бойы қарсылық білдіріп келеді. Тәуелсіз эколгтар да тұрғындардың алаңдауына негіз бар деген.