ШҚО-да ауыл тұрғындарына бейәдеп сөздер айтып, ашуланған әкімге айыппұл салынды
Тұрғындарды балағаттаған ауыл әкімі айыппұл арқалады.
Зайсан аудандық сотында Шілікті ауылының әкіміне қатысты іс қаралды. Тұрғындарды балағаттаған шенеунікке айыппұл салынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ШҚО сотына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарына бейәдеп сөздерді жаудырған әкімге қатысты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған.
"6 қазанда сағат 15:00 шамасында лауазымды тұлға әкімдік ғимаратындағы қызметтік кабинетінде, ауыл тұрғындары мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің көзінше, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, бейәдеп сөздер айтқаны анықталды", - делінген сот хабарламасында.
Сот барысында әкім өз кінәсін толық мойындап, кездесуге қатысушыларға қатысты бейәдеп сөздер айтқанын жоққа шығармады. Ол жасаған әрекетіне өкінетінін білдіріп, көпшілік алдында кешірім сұрады.
Әкімшілік құқықбұзушылықтың жасалғаны сотта қаралған бейнежазбамен, куәлардың айғақтарымен және өз түсініктемесімен расталды.
Зайсан аудандық сотының қаулысымен шенеунік ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.