Қоғам

«Көктайғақ күтіледі»: 13 қазанға арналған ауа райы болжамы

Бүгін Қазақстанның кейбір аймағында күн суытады.

13 қазанда еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы болғанымен, кейбір өңірде көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында түнде ауа температурасы -3...-9 градусқа дейін төмендеп, күндіз 0...+5° жылы болады. Кей жерлерде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ күтіледі.

Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында күн жылы әрі шуақты болады.

Алматы мен Қонаев қалаларында +20...+22°, ал Талдықорғанда +15...+17° жылы болады. Кей жерлерде түнде аздап жаңбыр жаууы мүмкін, таулы аймақтарда тұман түсуі ықтимал.

Оңтүстік өңірлерде – Түркістан мен Қызылорда облыстарында жаңбырсыз, күн ашық. Ауа температурасы түнде +8...+13°, күндіз +22...+25° жылы. Ал Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында түнде тұман түсіп, кей жерде өткінші жаңбыр жауады, күндіз +15...+20° жылы болады.

Ұлытау мен Қарағанды облыстарында жауын-шашынсыз, бірақ суық болады: түнде -5...-9°, күндіз +2...+7° аралығында.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақтарында түнде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болуы мүмкін.