«Аналар ұлдарын қашан әскерге қорықпай жібере алады?»: әскерде ұлы жүрген депутат Қорғаныс министрлігіне сұрақ қойды
Мәжіліс депутаты Қорғаныс министрлігінен әскердегі сарбаздардың өлімі қашан тоқтайтынын сұрап, сауал жолдады.
Мәжілістің үкімет сағатында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева әскердегі сарбаздардың өліміне қатысты мәселені көтерді. Ол қорғаныс министрлігінің өкілдеріне сұрақ қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Наталья Дементьева әскердің қазіргі жай-күйіне алаңдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, өз ұлының да Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін айтты.
«Ана ретінде, азамат ретінде және басқа аналардың атынан сөйлейтін өкіл ретінде мен әскердегі қатыгездік фактілеріне, соның ішінде сарбаздардың қаза табуы мен өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына бейжай қарай алмаймын. Бұл оқиғаларды жекелеген жағдай ретінде қабылдау қате. Олар бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан тәрбие жұмысының жүйелік проблемаларының бар екенін көрсетеді», - деді депутат.
Наталья Дементьева бірнеше сауал жолдады.
«Осыған байланысты менің бірнеше сұрағым бар: бейбіт уақытта сарбаздардың қаза болуына жол бермейтін нақты шаралар қашан қабылданады? Әскери басшылар мен командирлерді даярлау барысында мұндай трагедиялардың алдын алу үшін қандай әдістер қолданылады? Қазақстандағы аналары ұлдарын қашан әскерге қорықпай жібере алады?» - деді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.
Депутаттың сұрағына жауап берген Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев іс-шаралар қолданылып жатқанын жеткізді.
«Қорғаныс министрлігі де қоғамда, отбасыда болып жатқан қиын кейстер, бетімен жүрген балалар, есірткінің таралуы сынды жағдайлармен бетбе-бет келіп жатыр. Әрине, әскерге келіп жатқан мыңнан бір баланың әскердегі шектеулерден кейін психологиялық күйзеліске ұшырауы әбден мүмкін. Қолдағы бар жұмыстарға қосымша ретінде қорғаныс министрлігі ілеспе іс-шараларды атқарып жатыр. Методикалық құжаттар әзірленіп, профилактикалық субъектілермен келісімшарттар жасалды. Әскери психологтер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Тек қарулы күштердегі психикалық денсаулық орталықтарын ғана емес, жергілікті жерлердегі орталықтарды да пайдаланып жатырмыз», - деді Жазықбаев.
Ол жасанды интеллекті негізінде әскерилер мен олардың отбасыларына қиын жағдайдан шығуға көмектесетін анонимді telegram-бот жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, психологиялық жұмыстар да жүргізілетінін айтты. Дегенмен, оның бұл жауабына Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева өз наразылығын білдірді.