Алматы облысында 77 жастағы әженің қабырғасын сындырған полиция қызметкері жұмысынан кетті
Зейнеткерді итеріп жіберіп қабырғасын сындырған полиция қызметкері жұмысынан босатылған.
Ішкі істер министрі Алматы облысында қарт кісіні итеріп жіберіп, қабырғасын сындырған полиция қызметкеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция қызметкерінің қызметінен босағанын айтты.
«Бұл жағдайда қызметкердің әрекеті шамадан тыс болғаны анық. Ол қызметінен босады. Видео жазбалар бойынша да жағдай расталды. Дегенмен біз оған құқықтық тұрғыда баға береміз. Қазір тексеріс жүріп жатыр», - деді Сәденов.
Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне қатысты тәртіптің күшейгенін және мұндай жағдайларға мүлдем жол берілмейтінін атап өтті.
«Кім болса да қарт адам болсын, әйел болсын, бала болсын оларға дөрекі түрде қол жұмсауға болмайды. Бұған қатаң тыйым салынған. Мұндай тәртіп бұзған әр қызметкер міндетті түрде жазаланады», -деді Ержан Сәденов.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде полиция қызметкерлері 77 жастағы әжеге жабылып, оны біреуі итеріп жіберген видеосы тараған болатын. Салдарынан зейнеткердің қабырғасы сынған.