Солтүстік Қазақстанда фермер жұмысшыларына үй салып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Мерген ауылының фермері жұмысшыларына үй салып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының 500-ге жуық тұрғыны бар Мерген ауылында фермерлер әлеуметтік инфрақұрылымды дамытып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінен таралған хабарларға қарағанда, Окуневтер отбасының «Гермес Агро» ЖШС және «Окунев» шаруа қожалығы өз жұмысшыларына арнап үйлер салып жатыр. Былтыр 4 үй пайдалануға берілген. Құрылысқа әр кәсіпорын 7 миллион теңгеден қаржы бөлген. «Баспана алудың басты шарты - еңбек өтілі. 2017 жылы механизаторлар, малшылар, қырман жұмысшылары баспаналы болды. Биыл 5 үйдің іргесі қаланды. Күзге қарай есік-терезесін салып, ішін әрлейміз. Келешекте тағы да осындай үйлерді салуды жоспарлап отырмыз», - дейді шаруа қожалығының басшысы Виктор Окунев. Оның сөзіне қарағанда, жұмысшы зейнетке шыққан соң, үй оған сый ретінде қала береді. Агрокешенде барлығы 50 адам жұмыс істейді. Фермер ауыл мектебіне жәрдем беріп, жолдарды жөндеуге, көшеге жарық орнатуға атсалысып жүр. Екі жыл бұрын Мерген ауылында ауылшаруашылық кооперативі ашылған. Онда 65 адам жұмыс істейді. Мал тегін жайылады, бір литр сүттің бағасы - 85 теңге. Кооператив төрағасы Максим Тимофеевтің айтуынша, бұл облыстағы кооперативтердің арасындағы ең жоғары бағалардың бірі. Сүт Петропавлдағы «Масло-Дел» ЖШС-іне жөнелтіледі. Тәулігіне 4 тонна сүт жиналады. «Екінші бағыт - ет. Қазір кішігірім бордақылау алаңдарында жиырмаға жуық өгіз бағып жатырмыз. Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлік аясында 10 отбасы несие алды. Орташа бір жарым-екі миллионнан. Ол қаржыға мал сатып алды. Бастысы - адамдардың мал шаруашылығына қызығушылық танытып жатқаны», - дейді М. Тимофеев. Биыл тұшпара цехы ашылды. Оның өнімдері облыстың үш ауданына сатылып жатыр.