Қарағандыда бір топ жасөспірім 16 жастағы қызды жабылып зорлады: оқиғаға қатысты тың мәлімет шықты
Қарағандыда бір топ жасөспірім зорлаған 16 жастағы қызға қатысты тың дерек айтылды.
Қарағандыда 16 жастағы колледж студентін бірнеше адамның зорлауына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Қыздың ата-анасы әділдікке қол жеткізгісі келеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 16 жастағы қыз баланы бірнеше жасөспірім топтасып зорлаған. Күдіктілер – шамамен кәмелетке толмаған бес жасөспірім.
«Мен вахталық әдіспен жұмыс істеймін, сол күні жұмыста едім. Әйелім кіші баламызбен ауылға, менің ата-анама кеткен. Үйде үш үлкен балам қалған. Сол күні кешке әйелім қызымызбен видеоқоңырау арқылы сөйлескен. Қызым бәрі жақсы екенін айтып, ұйықтауға дайындалып жатқанын жеткізген. Алайда кейін белгілі болғандай, ол құрбысымен бірге түнгі клубқа кеткен екен», — дейді қыздың әкесі.
Қызы оқитын колледждегі құрбысы оны 14 ақпан күні клубқа шақырған. Бақылау камераларынан кешкі сағат 22:00-де қыздардың «Инфинити» түнгі клубының кіреберісінде тұрғаны көрінеді.
Клубтың иесі Александр Кимнің айтуынша, қыздар күзетке жалған жеке куәліктер көрсеткен.
«Олар қолдан жасалған құжаттар көрсеткен. Қазір телефонда арнайы қосымша бар, сол арқылы жеке куәлік көрсеткендей болуға болады, тіпті туған күнді де өзгертуге мүмкіндік бар. Біз ол кезде мұндай қосымшалар жайлы білмеген едік. Қыздарды сол құжат бойынша күзет кіргізген», — дейді ол.
Оның айтуынша, сол кезде клуб кіреберісінде полиция қызметкері де тұрған және ол да қыздарды ішке жібере салған.
«Қыздарға ішімдік сатылған жоқ, себебі олар 21 жасқа толмаған. Бірақ өзге біреулер сатып әперуі мүмкін, нақты білмеймін. Барлық видеоматериалды полицияға бердік», — дейді клуб иесі.
Қыз клубта бір ғана коктейль ішкенін біледі. Қалғаны есінде жоқ. Әкесінің сөзінше, қызы бастапқыда құрбысының шақыруымен студенттік кешке бара жатқан, бірақ кейін белгісіз пәтерге жеткізілген.
«Құрбысы біздің қайда тұратынымызды білетін, қонақта да болған. Бірақ ол мас күйде болған қызымызды бөтен пәтерге апарған. Қызым тек құрбысы оны есін жиғызуға тырысып, ұзақ уақыт суық су құйылған ваннада ұстағанын ғана есіне алады. Қашуға тырысқанда, «таблетка ішсең ғана шығарамыз» деп қорқытқан. Құрбысы ол таблетканы «мастықты басатын дәрі» деп түсіндірген. Кейін қызымызға «ешкімге айтпа» деп ескерткен, өйткені пәтерде болған жігіттердің бірі «байланыстары күшті» деп қорқытқан. Сонымен қатар, оларда қыздың жалаңаш күйіндегі видеосы болыпты», — дейді қыздың әкесі.
Бірнеше күннен кейін қыз ауруханаға түскен. Алдымен улану күдігімен жедел жәрдем апарған, кейін тамағы ауырып, ангина басталған. Бұл, әкесінің айтуынша, суық суда ұзақ болуынан пайда болған. Зорлану оқиғасы туралы сол кезде ауруханада білген.
«Біз тек баламыздың қандай күйде болғанын ойладық. Ол бізге ештеңе айта алмаған. Ауруханадан шығарып алып, бірден полицияға бардық. Төрт күдіктіні бірден анықтады, бесіншісін кейін ұстады. Үшеуін қамауға алғанымен, арада алты ай өткен соң, олар кәмелетке толмағандықтан босатылды. Құрбысы қазір тек куәгер ретінде қарастырылып отыр», — дейді әкесі.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық іс 2024 жылғы ақпанда қозғалған. Үш күдікті қамауға алынған, өзгелерге қатысты тергеу жалғасуда.
«Кешенді сараптамалар тағайындалды. Нәтижелері бойынша іс сотқа жолданады. Тергеу облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауында. Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», — деді ведомстводан.
Қазіргі таңда қыз жеке психолог пен психотерапевтің көмегіне жүгініп жүр. Колледждегі оқуын тастамай, жалғастырып жатыр. Ата-анасы әділ тергеу мен қатысы бар барлық адамның жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
«Біз әділдікке жетпей қоймаймыз. Қызымыздың өмірі енді ғана басталып еді, осындай сұмдық жағдайға тап болды», — дейді әкесі.