Басты жаңалықтар

Елімізде барлық мемлекеттік мобильді қосымша біріктірілетін болды

Мемлекеттік мобильді қосымшалар eGov және Aitu экожүйелеріне біріктірілетін болады.

Қолданушыға қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мақсатында мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдарға жеке мобилді қосымшаларды әзірлеуге тыйым салынады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ыңғайлы және қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттік мобильді сервистер SuperApp қағидаты бойынша eGov және Aitu экожүйелеріне кезең-кезеңімен біріктірілетін болады. Интеграция мобильді қосымшалардың бытыраңқылық мәселесін жояды, үдерістерді жеделдетеді және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттырады", - делінген хабарламада.

Осы және өзге де шешімдер премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен цифрлық штаб отырысының қорытындысы бойынша қабылданды.

"Цифрлық штабтың шешімімен мемлекеттік органдарға Astana Hub IT-стартаптар технопаркі қызметінің басым түрлерінің тізбесіне мультимедиа, ойындардың дизайнын жасау мен басып шығару, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, сүйемелдеу және түрлендіру, киберспорт саласындағы қызметтер сияқты танымал бағыттарды қосу тапсырылды. Бұдан басқа, аталған тізбе ҚР резиденті еместерге бағдарламалық қамтуды пайдалана отырып, бизнес-процестер аутсорсингі, ағылшын тілін оқыту сияқты қызметтермен толықтырылды. Қызметтер аясын кеңейту Astana Hub-тың жаһандық технологиялық қоғамдастықты тарту орталығы ретіндегі ұстанымын күшейте түседі", - делінген хабарламада.