Қатал сынға іліккен әнші Мейрамбек Бесбаев докторантурада оқуға ниетті
Магистратурада оқып, екі жылда сабаққа бір келмеген әнші докторантурада оқуын жалғастырмақшы
Мейрамбек Беспаев сабаққа бір келмей, магистр атағын алғаны Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Мырзантай Жақыптың ашуына тиген еді. Профессор әншіге бестік қоюға мәжбүр болғанын, сондай-ақ білімді жастардың гранттарына таласқан өнер жұлдыздарына ашынғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, олар білім қуған жастардың жолдарына тосқауыл болып жүр. “Қорғау қиын болған жоқ. Бұл өзімнің салам. Бала күнімнен жүрген сала. Оның үстіне, Алтынбек Қоразбаев туралы тақырып зерттелмеген екен. Бұл кісінің қазақ мәдениетіндегі орны, еңбегі, сол тұрғыда жан-жақты зерттеулер жүргіздім. Ұстазымның қасында менен көп жүрген адам жоқ шығар. Сондықтан кішігірім документалдық фильм жасадым. Оның ішіне бәрі сыймаса да, 30 минутқа сыйдырып, жақсы дүние жасадық. Жалпы әрі қарай дамытсам да деп ойлаймын. Көп нәрселерді аштым. Ыстанбұлға барған кезде де, сол жақтағы консерваторияда түркі әлемімен біздің ұқсастығымыз, музыкамыз, бізді не байланыстырады, сол туралы көп нәрсе аштым. Ал енді жоқ, жоғары білім бар ғой деп жүре берсем, жүре бергендей болады екенмін. Өнердің төңірегінде көп жаңалықтар аштым, ұстаздарға рақмет айтамын”, – дейді Мейрамбек Бесбаев. Әнші магистратурада оқып жүрген кезінде гастрөлге шығып тұрғанын жасырмайды. Десе де, зерттеу жұмысына да жіті көңіл бөлуге тырысқан. Тіпті, ол үшін өндірістік тәжірибеден өтіп, арнайы Ыстанбұлға барған. Бесбаев мүмкіндік болған жағдайда, оқуын докторантурада жалғастырғысы келеді. “Оқығым келеді, әрі қарай уақытқа да байланысты. Бұл жолы да гастрөлдік сапарлар болды, ізденісте жүрдім”, – дейді ол.