Бағанашылдағы дау: қызметінен босатылған шенеунік қайтадан басшылық қызметке келді
- автор Томирис Тоныкөк
- 21 қазан, 2025
- 51

Бағанашылдағы балалар үйіндегі даудан соң лауазымды қызметінен кеткен Салтанат Беспаева жаңа қызметке келді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Алматы облысында Тілдерді дамыту басқармасының жаңа басшысы болып тағайындалды.
Салтанат Беспаева 1975 жылы дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен ұйымдастырушы педагог, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болған. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезов атындағы мектептің директоры қызметтерін атқарған.
Салтанат Беспаева 2022 жылдың шілде айынан бастап Алматы облысының білім басқармасын басқарды. Әлеуметтік желіде осы жылдың тамыз айында қызметінен босатылғаны туралы ақпарат тарады. Кейін бұл ақпарат расталып, орнына Арайлым Төлеубекова тағайындалды.
Еске салсақ, 2025 жылдың 21 шілде айында «Бағанашыл» балалар үйінің балаларын Қонаев қалсына көшіру кезінде шу болды. Балалар жылап, кейбіреуі талып жатты. Полиция келіп, жедел жәрдем шақырылды.
Кейін Тоқаев балаларды Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырды.