«Түнімен телефон көріп, таңертең уақытында оянбайды»: Жамбыл облысында баласын ұрған әке сотталып кетті
Жамбыл облысында баласын түнімен телефон көргені үшін ұрған ер адам сотталды.
Жамбыл облысында баласын бетінен ұрған әке сотталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сарысу ауданының соты баласын ұрып-соққан әкеге қатысты істі қарады.
Сот материалдары бойынша, оқиға осы жазда болған. Жаңатас ауылының тұрғыны баласының бетінен ұрып жіберген.
«Сотталып отырған ер адам 2025 жылы шілдеде, түскі сағат 12.00-де баласының бетінен ұрып жіберген. «Балам түнімен телефон көріп, таңертең уақытында оянбайды» деп ашуланған әке осылайша баласын тәрбиелегісі келген», - деп хабарлайды сот.
Ер адамның әйелі, яғни, баланың анасы күйеуін кешірген. Мемлекеттік айыптаушы әкесін 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегу жазасын ұсынған. Сот ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегу туралы шешім шығарды.
«Сот азаматты Қылмыстық кодекстің 1-бабы, 2-бөлігіне сай кінәлі деп танып, оны 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегу туралы жаза кесті», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.