Саясат

Астанада МКД басшысы болып Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасарының ұлы тағайындалды

Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасарының ұлы Астанада МКД басшысы болды.

Астана бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып Серік Манзоров тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Ернар Ержанов Астана бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымына жаңадан тағайындалған басшы Серік Манзоровты таныстырған.

"Серік Манзоров мемлекеттік органдар мен салық қызметі жүйесінде ұзақ жылдық еңбек өтіліне ие. Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы әкімдігінде бастаған", - деп жазылған хабарламада.

Ол әр жылдары жетекші маманнан аудан әкімінің орынбасарына дейінгі түрлі лауазымда жұмыс істеген. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитетінде, Президент әкімшілігінде қызмет атқарған.

Айта кетейік, Манзоров Серік Бағдатұлы - Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бағдат Манзоровтың ұлы.