15 жастағы қыз 71-дегі зейнеткерден жүкті болып қалды: ПД бастығы 8 ай бұрын істің не себепті тоқтатылғанын түсіндірді
Түркістан облысында 71 жастағы зейнеткерден жүкті болып қалған оқушының ісі не себепті тоқтатылғаны айтылды.
Қылмыстық іс қалай қысқартылды? Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы босанған 15 жасар оқушыға қатысты істің жай-жапсарын айтты. Генерал Қабденовтың айтуынша, сегіз ай бұрын аяғы ауыр қыз бен анасы тергеушілерге жалған мәлімет беріп, сол бойынша іс жабылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
2025 жылдың қыс айында жас қыз Астана қаласының медициналық мекемесіне жүкті болып қаралып, кейін босанған. Осы факті бойынша қыздың өзі және анасы, оның жас жігітімен өзара келісім бойынша байланыста болғанын айтып, тергеу барысын жаңылыстырғаны анықталды. Осылайша олар арыз жазудан және сараптама жүргізуден бас тартқан.
Келес ауданында тұратын 15 жастағы қыздың аяғы ауыр екенін туыстары жеті айлығында бір-ақ білген. Ақпан айында босанған оқушының жақындары араға сегіз ай салып полицияға арызданған. Сөйтсе, жасөспірімді жыныстық қатынасқа итермелеп, арын таптаған өзінің 71 жастағы туысы болып шықты. Оқушымен көршілес тұрған зейнеткер қылмысын мойындап та үлгерді. Қазір ол қамауда отыр.