«Психологқа жүгінуді «әлсіздік» деп қабылдайды»: психолог баладағы өтпелі кезеңде ата-аналардың жіберетін қателіктерін айтты
Психолог маманы жасөспірім тәрбиелеп отырған ата-анаға кеңес айтты.
Еліміздің болашағы саналатын жастардың суицидке баруы, буллингке ұшырауы алаңдатарлық жағдай. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде жылына 1 млн адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Соңғы уақытта Қазақстан ақпарат құралдары, әсіресе, әлеуметтік желілерде балалар арасындағы суицид мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл тұрғыда мемлекеттен жасөспірімдер мен жастарға қандай іс-шаралар, қолдау көрсетіліп жатыр? Осы негізде KYN.KZ ақпарат агенттігі психолог маманымен әңгіме жүргізген еді.
- Сымбат ханым, мемлекет пен қоғамның суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстары қандай?
- Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мемлекет пен қоғам үшін маңызды басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда бұл бағытта бірнеше деңгейде жүйелі жұмыстар жүргізілуде:
Мектептер мен колледждерде психологтар жұмыс істейді. Олар оқушыларға эмоциялық қолдау көрсету, қиын өмірлік жағдайларда көмек беру және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша жеке және топтық жұмыстар атқарады. Отбасыларға психологиялық кеңес беру, ата-аналарға балалармен тиімді қарым-қатынас орнату, күйзелісті басқару бойынша көмек көрсетіледі. Емханаларда психикалық денсаулық кабинеттері мен психологтар қызмет етеді. Бұл орталықтар жасөспірімдер мен жастарға тегін және құпия түрде психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Мұнда мамандар жасөспірімнің сеніміне кіріп, эмоциялық және мінез-құлықтық қиындықтармен жұмыс істейді. Ал білім ордаларында психологтар бір жылда екі рет оқушыларға психологиялық сауалнама ұйымдастырады. Сауалнама қорытындысында, өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балалар анықталады. Психологтар сол жасөспірімдермен жұмыс істейді. Қазақстанда «111» нөмірі арқылы балалар мен жастарға тегін және тәулік бойы психологиялық көмек көрсетіледі. Кез келген жасөспірім бұл нөмірге хабарласып, маманмен жасырын түрде сөйлесе алады. ҚР Оқу ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері, ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдар бірігіп, мектептерде «өмірлік дағдыларды дамыту», «психикалық саулық», «киберқауіпсіздік» тақырыптарында жобалар жүргізуде. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу тек тыйым мен бақылау арқылы емес, эмоциялық қауіпсіздік пен ашық сөйлесу мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Отбасы, мектеп және қоғам бірігіп әрекет еткенде ғана бала өз мәселесін жасырып емес, бөлісе алатын сенімді орта қалыптасады. - Мемлекет ұсынған сенім телефондары мен онлайн психологиялық қолдау қаншалықты тиімді?
- Мемлекет ұсынған сенім телефондары мен онлайн психологиялық қолдау жүйелері – жасөспірімдердің көмекке қол жеткізуін жеңілдететін маңызды құралдардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда «111 – Балалар мен жасөспірімдерге арналған сенім телефоны» тәулік бойы тегін қызмет көрсетеді. Бұл жүйе балалар мен ата-аналарға қиын жағдайда құпия түрде хабарласып, кәсіби кеңес алуға мүмкіндік береді. Дегенмен сенім телефондары көбіне алғашқы көмек ретінде тиімді. Егер баланың жағдайы күрделі болса немесе суицидтік қауіп жоғары болса, міндетті түрде кәсіби терапиялық қолдау мен ұзақ мерзімді психологиялық жұмыс қажет. Сондықтан сенім телефондары мен онлайн қолдау – жүйелі көмектің бір бөлігі, яғни баланы жалғыз қалдырмай, ары қарай да көмек көрсету қажет.
- Суицидтің алдын алу үшін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? Баланың өтпелі кезеңінде неге көңіл бөлу керек?
- Жасөспірімдік кезең — адамның өміріндегі ең күрделі, әрі нәзік психологиялық кезеңдердің бірі. Бұл уақытта бала өз-өзін іздейді, жеке тұлға ретінде қалыптаса бастайды, ал ата-анамен қарым-қатынас та өзгереді. Сондықтан дәл осы өтпелі жаста ата-ананың қолдауы — суицидтің алдын алудағы ең маңызды фактор. Жасөспірімге ең керегі – тыңдай білетін және түсінетін адам. Көп жағдайда ата-аналар кеңес беруге асығып, баланың сезімін тыңдамай жатады. Ал жасөспірім үшін ең құндысы оны еш сынсыз, кінә тақпай тыңдай алу. Кейде баланың сезімін түсінуге тырысу көмектің ең маңызды түрі. Балаңыз сізбен ашық сөйлесуден қорықпау үшін сенім атмосферасын қалыптастыру қажет. Егер бала қиын жағдайын айтқанда жазалау, сынау немесе «ұят болады» деген жауап естіп үйренсе, келесі жолы ол ішкі күйзелісін жасырады. «Басқалар сенен жақсы», «сен осылай істемесең, өмірде ештеңеге жетпейсің» деген сөздер баланың өзін-өзі бағалауына зиян келтіреді. Мұндай қысым жасөспірімде «мен жеткіліксізмін» деген ішкі сенім қалыптастырады. Жасөспірімнің мінез-құлқы, ұйқысы, тәбеті, достарымен байланысы, қызығушылықтары өзгерсе бұл ішкі күйзелістің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сын айтпай, сабырлы түрде сөйлесіп, қажет болса, психологқа жүгінген жөн. Суицидтің алдын алу ең алдымен отбасындағы эмоционалдық қауіпсіздікпен байланысты. Көптеген ата-аналар психологқа жүгінуді «әлсіздік» деп қабылдайды. Бірақ шын мәнінде бұл баланың және отбасының саулығын сақтаудың жауапты қадамы.