Педагог маманы: «Рәміздерге немқұрайлы қарайтындар да кездеседі»
Патриотизм балабақшадан басталады.
Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу балабақшадан басталады. Бала бойындағы отансүйгіштік сезім ең алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен бастау алады. Осы тұрғыда патриоттық тәрбие, әнұранның мәні мен тәрбиелік маңызы туралы KYN.KZ ақпарат агенттігі осы жайында «Лидер-kids» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Жанар Иманғазиевамен әңгімелесіп қайтқан еді.
Жанар ханым, «Отанды сүю отбасынанбасталады» деп айтамыз ғой. Алайда ұрпақ тәрбиелеудің бастауы балабақшадан бастау алатынын көп жерден естиміз және сіздердің еңбектеріңізді бағалаймыз. 500-ден аса бала тәрбиелеп отырған балабақшаның меңгерушісі ретінде осы жайында не айтар едіңіз?
– Әрине, бала ең алғашқы білімін балабақшадан алады. Отбасы – баланың ең алғашқы өмір мектебі. Баланың бойындағы Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі ең алдымен ата-ананың үлгісі мен тәрбиесінен басталады.Дегенмен де «Баланың ортасын дұрыс қалыптастырғың келсе, мектептен емес, ең бірінші балабақшадан баста» деген нәрсе бар. Бала қоғаммен араласуды ең алғаш балабақшадан бастайды. Сол сияқты мемлекетті де осы жерден танып, біліп шығады. Мәселен, 25-қазан Республика күні туралы іс-шара 2 жасар балаларға дейін өткізілді. Яғни, нағыз патриоттық тәрбие осы жерден бастау алады.
– Патриоттық тәрбие дегеніміз не?
– Патриоттық тәрбие ол – адамның өз Отанын қорғауға, дамытуға, елінің тарихын, тілін, мәдениетін құрметтеуге бағытталған сезімдері мен іс-әрекеттерін тәрбиелеу. Балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бақыты – бұл ұрпақтың жүрегіне туған жерге деген сүйіспеншілікті ұялату, елін, жерін, тілін, салт-дәстүрін құрметтеуге баулу арқылы болашаққа сенімді, рухы биік азамат өсіру. Өз тәрбие жұмысымда балаларды Отанын сүюге, елін құрметтеуге, достық пен мейірімділік арқылы бақыт табуға үйретемін.
– Республика күніне орай қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр?
– 3–4 жаста бала тек сурет арқылы танып, “мынау Ту”, “мынау Елтаңба” деп айта бастайды. Балабақшада Республика күніне орай балалармен бірге «Менің Қазақстаным» атты ертеңгілік, ән, би, тақпақ сайыстары, сурет көрмесі, және мемлекеттік рәміздерді таныстыру бұрышы ұйымдастырылады. Мектепке барғанда бұл білімдері патриоттық санаға айналып, өз елін мақтан ету сезімі қалыптасады.Мемлекеттік рәміздердің тәрбиелік маңызы өте зор, себебі олар — елдің тәуелсіздігін, тарихын, бірлігін және рухын білдіретін басты құндылықтар.
– Біздің қоғамда патриотты балалар өсіп келе жатыр деп айта аласыз ба?
– Біздің қоғамда патриоттық рухы жоғары, Отанын сүйетін балалар өсіп келе жатыр деп сеніммен айтуға болады. Өйткені кішкентай жасынан бастап әнұранды айтуды біледі, ту көтерілгенде балалар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, шырқай жөнеледі. Бұл өте мақтанашыпен айтатын дүние деп ойлаймын.
– Мемлекеттік Әнұранды орындаудыңтәрбиелік мәні қандай?
– Әнұранның орындалуы мен оны қосыла айту адамның бойында бір сәтте елге деген мақтанышты оятады. Әсіресе көпшілікпен орындалған әуен мен сөздің үйлесімі арқылы ерекше сезім билеп, рухани толғаныс туады. Бұл – патриоттық тәрбиенің ең ықпалды, эмоционалды жолы. Әнұран орындалған ортада тұрған кезде адам өзін жалғыз сезінбейді, барлығын біріктіретін күш, елдік рух пен достық пен бірліктің бар екеніне сенімді болады. Бұған дәлел ретінде Димаш Құдайбергеновтің еліміздің Әнұранын орындауы – тек қазақстандықтар үшін ғана емес, шетел азаматтарының да қазақ еліне құрмет көрсету көрінісі болғанын айтып өткен орынды. Баланы жастайынан Әнұранды құрметпен айтуға үйрету – оның бойында азаматтық тұлғаны қалыптастырудың алғышарты. Уақыт өте келе, бұл тұлғалық қасиет пен азаматтық болмыс нығаюына, елге қызмет ету ұстанымының артуына арқау болады.
– Қазақстандықтардың рәміздерге деген көзқарасын қалай бағалайсыз?
– Қазіргі жастардың рәміздерге деген көзқарасы әртүрлі екендігі – қоғам мойындайтын шындық! Бір бөлігі оларды терең құрметтейді, мемлекеттік рәміздер арқылы патриоттық сезімін айқын көрсетеді. Бұл жастардың бойында елге деген адалдық бар екенін көргенде қуануға тұрарлық. Алайда рәміздерге немқұрайлы қарайтындар да кездеседі. Кейбіреуі бұл тек ресми талап деп қабылдайды, себебі олар рәміздердің мәнін сезініп үлгермеген немесе жеткілікті деңгейде түсіндірілмеген. Рәмізге құрмет – жүрекпен қабылдағанда ғана пайда болатын шынайы сезім. Педагог ретінде жастардың санасында рәміздерге деген шынайы көзқарасты қалыптастыру оқу ордасы мен ақпараттық ортаға тікелей байланысты екенін айтар едім. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбие жұмысы жастардың патриоттық әлеуетін оята алады. Сонда ғана әр жеңістің, әр пайдалы іс пен адамдық бағалы әрекеттердің Отаны үшін қаншалықты маңызды екенін сезіну мен ел рәмізін көтеру мәнін терең сезінетін ұрпақ жалғасатынына сенемін.
– Рәміздердің маңыздылығы қандай?
– Рәміздер – мемлекет пен елдіктің болмысы мен рухын танытатын маңызды нышандар. Жас ұрпаққа тәрбие беруде ол – ұлттық бірегейлікті сезінудің, ортақ идеяға бірігудің, елдік рухты бойға сіңірудің құралы, патриоттық білім көзі. Сол арқылы кез келген жас өз елін өзге мемлекеттерден ажырата алудың символдық жүйесі туралы ақпаратпен танысады. Қазіргі жастар жаһандық мәдениетке тез бейімделеді, сол себепті өз тамырын сақтау үшін рәміздер ерекше маңызды рөл атқарады. Рәміздер ұлт туралы қысқа да нұсқа ақпарат береді және ол ақпараттың тереңіне үңілген сайын рухани әсері күшейеді. Сонымен бірге рәміздер жастардың жауапкершілігін арттырады. Себебі бұл символдарды құрметтеу арқылы олар өзі өмір сүріп жатқан қоғамға құрмет көрсетеді. Сол арқылы патриоттық рух пен ұлттық сана нығаяды.